[Басшы бұрышы] Үйге арналған ақылды шешімдер – еш қиындықсыз

[Басшы бұрышы] Үйге арналған ақылды шешімдер – еш қиындықсыз

07/11/2024


> Тұрмыстық техника саласында ақылды үй технологиялары мен электрлендіру негізгі трендтерге айналған сайын, біз тауарларды жай сату үлгісінен сервиске бағытталған бизнес-модельге көшуді байқап отырмыз.

 

Ақылды үй технологиялары күрделі құрылғыларды басқаруды оңайлатып, түрлі автоматтандырылған мүмкіндіктер ұсынады. Тұрмыстық техника мен IoT датчиктерінен алынған деректер арқылы жүйе пайдаланушының өмір салты мен қажеттілігін түсініп, соған сай проактивті әрі жекелендірілген қызметтерді қамтамасыз етеді. Бұл үй тіршілігін жеңілдетуге көмектеседі. Технологиялар дамыған сайын, LG әзірлеген «Еш қиындықсыз үй» тұжырымдамасына бір қадам жақындай түсеміз.

 


Ақылды үйге арналған шешімдер тұрмыстық техника өндірушілері үшін ғана емес, IoT, телекоммуникация, құрылыс салаларындағы және ірі технологиялық компаниялар үшін де маңызды бағытқа айналуда. Matter сияқты ақылды үйге арналған стандарттар мен протоколдарды енгізу [1], тұрмыстық техника, IoT құрылғылары мен ақылды үй жүйелерінің үйлесімділігін жақсартады. Бұған қоса, генеративті жасанды интеллект (ЖИ) пен қоршаған ортаға бейімделген есептеу технологиялары[2]пайдаланушыларға құрылғылар мен сервистерді дауыс арқылы басқаруға мүмкіндік береді, бұл уақытты үнемдеуге және үйдегі өмірді әлдеқайда жайлы етуге ықпал етеді.

 

Осы саланың көшбасшыларының бірі LG компаниясы жуырда өзінің жаңа шешімі, AI Home жүйесін, таныстырды. Бұл жүйе пайдаланушыларға тұрмыстық техника мен IoT құрылғыларын еркін сөйлесуге негізделген дауыс командалары арқылы басқаруға мүмкіндік береді.AI Home-ның негізінде тұрған LG-дің генеративті жасанды интеллект “миы” — FURON пайдаланушылардың әр құрылғыға қатысты қалауын үйреніп, есте сақтай алады және нақты жағдайларда тиісті баптауларды автоматты түрде қолдана алады. Бұдан бөлек, LG AI Home жүйесі әлемдік брендтердің саны артып келе жатқан тұрмыстық техникасы мен IoT құрылғыларымен оңай қосылады және LG-дің жасанды интеллект платформасы — ThinQ ON арқылы түрлі қосымшалармен мінсіз біріктіріледі.LG өз экожүйесін кеңейтіп, ақылды үйге арналған шешімдер мен қызметтердің мүмкіндігін пайдаланушылар үшін үнемі жетілдіріп келеді.

 


Қазба отынмен жұмыс істейтін өнімдерден электр энергиясымен жұмыс істейтін құрылғыларға көшу – бүгінгі таңда жаһандық ауқымдағы маңызды үрдістердің бірі. Бұл бағыттың жедел дамуына жаһандық жылынудың салдарын азайтуға арналған халықаралық нормалардың енгізілуі себеп болып отыр. Қазандықтардың орнын жылу сорғыларымен жабдықталған жылыту жүйелері, газ плиталарының орнын индукциялық беттер, ал газбен жұмыс істейтін кептіргіштердің орнын жылу сорғылары бар кептіргіштер тез арада басып келеді. Осы өзгерістер аясында LG жылу сорғыларына арналған тиімді әрі сенімді технологияларды дамыту үшін ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық (R&D) жұмыстарын белсенді түрде күшейтіп отыр. Бұл бағыттағы қадамдардың бірі — суық климатқа бейімделген арнайы шешімдерді әзірлеуге арналған «жаһандық R&D үштағанының» құрылуын сәтті аяқтау, сондай-ақ LG-дің халықаралық университеттермен бірлесе отырып ұйымдастырған Дүниежүзілік жылу сорғылары консорциумының жұмысы болып табылады.

 

Болашақта электрлендіру технологиялары ақылды үйлердегі энергияны басқару шешімдерінде кеңінен қолданылады. Бұл технологиялар үй ішінде энергияны өндіруді, сақтауды және тұтынуды оңтайландырады.Нәтижесінде тұрғындар үшін тамақ дайындау, жылыту мен салқындату, сондай-ақ тұрақты ыстық сумен қамтылу жайлы әрі сенімді болатын өмір сүру ортасы қалыптасады. Сонымен қатар бұл тұрмыстағы энергия тұтынуды азайтып, қоршаған ортаға теріс әсерді төмендетуге мүмкіндік береді.

 


> LG компаниясы үй шаруасына арналған ақылды шешімдер саласындағы тәжірибесімен танымал және әрдайым жаңашылдықтың маңызын атап көрсетіп келеді. Тоңазытқыштардағы сызықтық компрессор, кір жуғыш машиналардағы Direct Drive тікелей жетекті қозғалтқыш пен TrueSteam™ технологиясы, сондай-ақ кондиционерлердегі қос роторлы және спиральды компрессорлар сияқты негізгі технологиялар LG-дің әлемдік тұрмыстық техника нарығындағы көшбасшылығын нығайтуда маңызды рөл атқарды. Алдағы уақытта электрлендіру мен ақылды үйге арналған жаңа технологияларды дамытуда LG-дің ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық бөлімі бұрынғыдан да маңызды рөлге ие болмақ. Мінсіздікке ұмтылыс пен жаңа мүмкіндіктерді іздеуге деген табанды көзқарасының арқасында LG компаниясы болашаққа бастар жолда көшбасшы болуын жалғастыра береді.

 

О Сей-ки (Oh Sai-kee) — LG Electronics компаниясының тұрмыстық техника және климаттық жүйелер бағыты бойынша ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі.

 

[1] Matter — бұл Ақылды үй құрылғылары мен Заттар интернеті (IoT) үшін жасалған байланыс стандарты, оны Байланыс стандарттары альянсы (CSA) әзірлеген. Matter әртүрлі экожүйелердегі құрылғылар мен платформалар арасында үздіксіз үйлесімділікті қамтамасыз етеді.

[2] Қоршаған ортамен кірігіп, көзге түспей жұмыс істейтін есептеу технологиялары (ambient computing) — бұл құрылғылардың фондық режимде автоматты түрде әрекет етіп, пайдаланушы олардың барын байқамайтын жүйелер. Мұндай технологиялар «көрінбейтін» немесе «жойылатын» есептеулер деп те аталады.